Loading...
Алматы қ.
20 қараша 2023 ж.

Осы АҚЫЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ШАРТЫ «International Medical Center» ЖШС-нің атынан Жарғы негізінде әрекет ететін Директоры А.Д. Шинкаренконың ресми ҰСЫНЫСЫ (жария офертасы) болып табылады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 389- және 395-баптарына сәйкес Жеткізушінің медициналық қызметтерді көрсетуінің барлық елеулі талаптарын қамтиды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 369-бабының 3-тармағына сәйкес жеке тұлға төмендегі шарттарды қабылдаған жағдайда мұндай тұлға «Тапсырыс берушіге» (бұдан әрі Шарт мәтіні бойынша Тапсырыс беруші сондай-ақ пациент деп аталады) айналады. Осы Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабына сәйкес Тапсырыс беруші тарапынан қандай да бір шарттарсыз, шығарып тастауларсыз және ескертпелерсіз Шартқа бүтіндей қосылу жолымен қабылдануы тиіс. Шарттың талаптарын қабылдау (акцепт) Тапсырыс берушінің медициналық қызметтердің құнын төлеуі және/немесе нысаны Жеткізушінің сайтында орналастырылған және Жеткізуші Тапсырыс берушіге Тапсырыс берушінің медициналық қызметтерді алуына дейін ұсынатын пациенттің ақылы медициналық қызметтердің көрсетілуіне ақпараттандырылған келісімге қол қоюы жолымен жүзеге асырылады. Медициналық қызметтерді қашықтан көрсеткен жағдайда Шарттың талаптарын қабылдау (акцепт) Тапсырыс берушінің медициналық қызметтерді алуы жолымен жүзеге асырылады.


1. Шарттың мәні

1.1. Осы Шартқа сәйкес Жеткізуші Тапсырыс берушіге https://imcalmaty.kz мекенжайы бойынша Жеткізушінің сайтында орналастырылған Жеткізуші бекіткен медициналық қызметтердің прейскурантына сәйкес ақылы медициналық қызметтер көрсетеді. Медициналық қызметтер Жеткізуші қызметінің профиліне сәйкес оның мемлекеттік лицензиясы бойынша көрсетіледі.
1.2. Жеткізуші медициналық қызметтерді келесі мекенжайлар бойынша көрсетеді: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Мұқанов к., 235, Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 311А (қашықтан медициналық қызметтер көрсету жағдайларын қоспағанда). Осы Шарттың шеңберінде Жеткізуші сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдана отырып қашықтан да көрсете алады (теле денсаулық сақтау).
1.3. Медициналық қызметтерді тегін көрсету осы Шарттың мәні болып табылмайды.
1.4. Медициналық қызметтерді кәмелетке толмағандарға көрсету тек кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің не тиісті нотариалдық куәландырылған сенімхаттың негізінде әрекет ететін өзге өкілетті тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылады.


2. Қызметтерді көрсету ережелері мен шарттары

2.1. Осы Шарт бойынша медициналық қызметтерді көрсету Жеткізушінің клиникаларының жұмыс күндері мен сағаттарында жүзеге асырылады, олар туралы ақпарат Жеткізушінің сайтында орналастырылған немесе Жеткізушінің тіркеу бөлімінен телефон арқылы алуға болады.
2.2. Жеткізуші медициналық қызметтерді Жеткізушінің https://imcalmaty.kz веб-сайты арқылы және/немесе call-орталықтың телефоны бойынша және/немесе Жеткізушінің тіркеу бөлімінде алдын ала жазылу бойынша көрсетеді. Тапсырыс берушіні алдын ала жазылусыз қабылдау Жеткізушінің тіркеу бөлімімен келісу бойынша жүзеге асырылады. Call-орталықтың операторларымен барлық сөйлесулер жазылады.
2.3. Тапсырыс беруші қызметтерді көрсету кезінде және олардан кейін таяу уақытта да, көп уақыттан кейін де әртүрлі асқынулар болуы мүмкін болғандықтан, Жеткізушінің жүргізетін емінің нәтижеге қол жеткізуді толықтай кепілдендіре алмайтынымен, сондай-ақ қолданылатын медициналық көмек технологиясының адам ағзасының биологиялық ерекшеліктеріне байланысты жанама әсерлердің және асқынулардың туындау ықтималдығын толықтай жоққа шығара алмайтынымен келіседі.
2.4. Жеткізуші дәрігерлерінің қабылдау уақыты дәрігердің мамандануына және қабылдау түріне (бірінші/қайталама, қабылдау/қарап тексеру, өзге қызметтер) байланысты:
- дәрігерлердің Тапсырыс берушіні қабылдауы Жеткізуші тарапынан белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі. Дәрігерлердің кестелері әртүрлі болуы мүмкін. Қабылдау ұзақтығы 15 (он бес) және 40 (қырық) минуттан көп уақытты құрауы мүмкін. Берілген диапазонның шегінде әрбір қабылдаудың ұзақтығын дәрігер белгілейді. Диагностикалық зерттеулердің ұзақтығы зерттеудің нақты түріне байланысты және 15 (он бес) жұмыс күніне дейін құрауы мүмкін.
- ауыр халде жатқан өзге тапсырыс берушіге жедел көмек көрсету қажеттігі туындаған жағдайда қабылдау уақыты өзгеруі мүмкін.
- Тапсырыс беруші белгіленген уақыттан 15 (он бес) минутқа және одан көп кешіккен жағдайда Жеткізуші қабылдау уақытын қысқартуға немесе тіпті алдын ала жазылу бар болса да, Тапсырыс берушіге қызметтерді көрсетуден бас тартуға құқылы. Егер уақыты бойынша бұрын келген тапсырыс берушіге медициналық көмек көрсетуді аяқтау үшін қажет болса, алдын ала жазылу кешірек, алайда 1 (бір) сағаттан аспайтын уақытқа шегіндіріле алады. Егер ауырырақ күйдегі пациентті қабылдау үшін немесе қалған пациенттердің респираторлық жолмен берілетін инфекциялық аурумен ауыратын пациентпен контактісін азайту үшін қажет болса, Жеткізуші пациенттерді қабылдау ретін тіпті алдын ала жазылу болған жағдайда да өзгерте алады. Денсаулық жағдайына байланысты дәрігердің қабылдауы болмай қалған жағдайда Жеткізуші бұл туралы жедел түрде дәрігерге жазылған пациенттерге хабарлайды, бұл ретте Жеткізуші дәрігерді алмастыруға міндетті емес.
2.5. Жеткізушіге инфекциялық ауруы бар Тапсырыс беруші жүгінген және инфекциялық аурудың бастапқы диагнозы қойылған немесе инфекциялық ауру бар деген күдік болған жағдайда Жеткізушінің шешімі бойынша Тапсырыс беруші мамандандырылған медициналық мекемеге жіберілуі мүмкін.
2.7. Тапсырыс беруші дәрігерлердің қабылдауына белгіленген уақыттан кемінде он минут бұрын келуге, өзімен бірге медициналық құжаттарды толтыру үшін қажетті жеке басын куәландыратын құжат ала келуге міндеттенеді.
2.8. Қабылдауға келісілген уақытта келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда Тапсырыс беруші Жеткізушіге ең қысқа мерзім ішінде, алайда кемінде 24 (жиырма төрт) сағат бұрын телефон арқылы хабарлауға міндеттенеді.
2.9. Тапсырыс беруші дәрігердің кабинетіне оның шақыруы бойынша кіреді. Басқа пациентті қабылдау кезінде дәрігердің кабинетіне шақырусыз кіруге тыйым салынады.
2.10. Эпидемиялар (ЖРВИ және басқалар) кезінде әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, жеке қорғаныш құралдарын: респираторлық инфекциялардан қорғауға арналған дәкелі немесе басқа таңғыштарды қолдануға кеңес беріледі.
2.11. Осы Шартта және Жеткізушінің ішкі құжаттарында айтылған іс-әрекет ережелерін сақтамаған жағдайда Жеткізуші Тапсырыс берушіге медициналық қызметтерді көрсетуден бас тартуға құқылы.
2.12. Жеткізушінің клиникаларында дәліздерде, ресепшн аймағында және өзге де жалпы аймақтарда Тапсырыс берушінің, келушілердің, Жеткізушінің персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туындайтын даулы жағдайларды шешу және өзге де заңды мақсаттар үшін аудио, бейне бақылау жүргізіледі.
2.13. Тапсырыс берушінің диагнозы, ағзасының күйі, емдеуге және профилактикаға арналған ұсынымдар мен тағайындаулары туралы ақпараты бар пациенттің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындылар, егер медициналық персонал бұларды Тапсырыс берушіге өздерінің жұмыс уақытында берген болса, Жеткізушінің меншігі болып табылады. Тапсырыс беруші медициналық көмек алу мақсатында бұл медициналық қорытындылардың басқа медициналық ұйымдардың медициналық жұмыскерлеріне беруге құқылы. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгесі белгіленбеген болса, осы Шарт арқылы пациентке немесе өзге тұлғаларға Жеткізушімен келіспестен пациенттің медициналық қорытындысын бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік медиаларда және желілік қарым-қатынас қызметтерінде жариялауға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға көрсетуге тыйым салынады.


3. Ақы төлеу тәртібі

3.1. Тапсырыс беруші медициналық қызметтердің ақысын қызметтердің көрсетілу күнінде әрекет ететін Прейскурантта көрсетілген бағалар бойынша төлейді.
3.2. Жеткізушінің Шарттың 1.2. тармағына сәйкес мекенжайлар бойынша клиникаларында алынатын медициналық қызметтердің ақысын төлеуді Тапсырыс беруші Шарттың 3.3. тармағында қарастырылған тәсілдермен алдын ала төлеу тәртібімен жүзеге асырады. Өзге жағдайларда Жеткізушінің рұқсатымен қызметтердің ақысын төлеу олардың көрсетілу дерегі бойынша жүргізіле алады. Егер медициналық қызметтерді көрсетудің нәтижесінде Тапсырыс берушіге қосымша қызметтер алу қажет болса, мұндай қызметтердің ақысы олардың көрсетілу дерегі бойынша Жеткізушінің прейскурантына сәйкес төленуі тиіс.
3.3. Тапсырыс берушінің медициналық қызметтердің ақысын төлеуі ҚР қолма-қол есеп айырысу туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, Жеткізушінің кассасына ақша салу жолымен қолма-қол төлеу тәртібімен немесе Жеткізушінің осы Шартта көрсетілген банктік шотына ақша аудары жолымен қолма-қол ақшасыз тәртіппен жүзеге асырыла алады. Жеткізуші Тапсырыс берушіге төлем дерегін растайтын белгіленген үлгідегі құжатты береді. Төлеу бойынша міндеттемені Тапсырыс берушінің атынан үшінші тұлға орындай алады. Жеткізушінің қызметтерінің ақысын төлеу Жеткізушінің Сайтының сәйкес функционалын қолдану арқылы, қашықтан төлем жасау және Жеткізуші қолданатын өзге де тәсілдермен жүзеге асырыла алады.


4. Тараптардың міндеттері

4.1. Жеткізуші міндетті:
1) ауруларды диагностикалаудың және емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес, клиникалық хаттамалар болмаған жағдайда нозология деректері бойынша – медициналық көрсетілімдер бойынша жалпы қабылданған тәсілдерге және дәлелді медицина базасына сәйкес медициналық қызметтердің көрсетілуін қамтамасыз етуге;
2) Тапсырыс берушінің емдеу нәтижелеріне қанағаттануының максималды деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған барлық шараларды қолдануға;
3) Тапсырыс берушінің жазбаша талап етуі бойынша Тапсырыс берушіге ҚР салық заңнамасында белгіленген мерзімде шот-фактура ұсынуға;
4) ҚР заңнамасында белгіленген шарттармен медициналық қызметкердің құпиясының ұсталуын және сақталуын қамтамасыз етуге;
5) осы Шартта және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған өзге де міндеттерді көтеруге.

4.2. Тапсырыс беруші міндетті:

1) Осы Шарттың қосымшасында көрсетілген Жеткізушінің ішкі тәртіптемесінің ережелерін сақтауға, сондай-ақ ілесіп жүретін тұлғалардың және келушілердің оларды сақтауын қамтамасыз етуге. Ішкі тәртіптеме ережелерімен Тапсырыс беруші қосымша Жеткізушінің сайтында немесе тіркеу бөлімінде таныса алады;
2) Шартта белгіленген мерзімде Жеткізушіге қызметтерді немесе қызметтердің бір бөлігін алудан бас тартуы туралы уақтылы (кемінде 24 (жиырма төрт) сағат бұрын) хабарлауға;
3) көрсетілген қызметтердің ақысын Шартта қарастырылған тәртіппен уақтылы төлеуге;
4) Жеткізушінің медициналық қызметкерлерімен сөйлесу барысында сыйластық және сыпайылық танытуға;
5) Жеткізушінің медициналық персоналына диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты хабарлауға, Жеткізушінің емдеуші дәрігерінің және медициналық персоналының барлық ұйғарымдарын/тағайындамаларын мүлтіксіз орындауға;
6) Жеткізушінің мүлігін ұқыпты ұстауға, медициналық көмек алуы кезінде медициналық персоналмен ынтымақтасуға. Тапсырыс беруші немесе оған ілесіп жүретін тұлғалар/келушілер мүлікке және/немесе жабдықтарға (медициналық және/немесе медициналық емес мақсаттағы) зиян келтірген жағдайда Тапсырыс беруші оның құнын, сондай-ақ шығындарды толық көлемде өтеп беруге міндетті;
7) диагностикалау және/немесе емдеу барысындағы өзінің денсаулық жағдайының өзгерісі туралы, сондай-ақ Тапсырыс берушіге/айналадағыларға үшін қауіп төндіретін аурулардың немесе оларға күдіктің пайда болуы/бар болуы туралы Жеткізушіге уақтылы хабарлауға, емдеуші дәрігерге көңіл-күйінің кез келген өзгерістері туралы айтуға, дәрігерге өзінің денсаулығына зиян келтіруге алып келуі мүмкін келеңсіз жағдайлар туралы кідірместен хабарлауға;
8) емдеуші дәрігерге және қажет болса, Жеткізушінің өзге медициналық персоналына өзінің денсаулығының күйін сипаттайтын ақпаратты және құжаттарды (бар болса) ұсынуға, бұған дейін ауырған аурулары, аллергиялық реакциялардың және қарсы көрсетілімдердің болуы туралы, сондай-ақ емдеу курсын құрастыру және Қызметтерді сапалы түрде көрсету үшін, денсаулыққа зиянды салдарлардың туындауының алдын алу үшін қажетті өзге де ақпаратты хабарлауға. Тапсырыс беруші өзіне Қызметтердің көрсетілуімен байланысты мұндай ақпаратты ұсынбаған немесе дұрыс емес, толық емес, жалған ақпаратты, сондай-ақ Қызметтердің сапалы және қауіпсіз көрсетілуіне ықпал ететін өзге де ақпаратты ұсынған жағдайда Жеткізуші кез келген жауапкершіліктен босатылады;
9) көрсетіліп жатқан Қызметтердің сапасына, соның ішінде жүргізілген тексерулерге, мамандардың кеңес берулеріне, емдеуге және тағы басқаларға шағымдары болған жағдайда дәл сол күні немесе келесі күні жазбаша түрде бұл дерек туралы емдеуші дәрігерге және/немесе Жеткізушінің басшысына хабарлауға;
10) осы Шарттың әрекет ету кезеңінің ішінде емдеуші дәрігердің тағайындауынсыз өз бетінше емделу әрекеттерін жасамауға;
11) Жеткізушінің өзге пациенттерінің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;
12) Жеткізушіде медициналық қызметтер алу кезеңінде өз іс-әрекетін Жеткізушінің емдеуші дәрігерімен алдын ала келіспестен өзін-өзі емдеумен айналыспауға, емшілердің, дәстүрлі емес медицина дәрігерлерінің, сондай-ақ өзге медициналық ұйымдардың дәрігерлерінің ұсынымдарын орындамауға және олардан ем қабылдамауға,
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Шартта қарастырылған өзге де міндеттерді орындауға.


5. Тараптардың құқықтары

5.1. Тапсырыс беруші құқылы:

1) Жеткізушіде жұмыс істейтіндердің қатарынан емдеуші дәрігерді таңдауға;
2) өз есебінен жүргізілген емдеудің сапасына және дәрігерлік тағайындамалардың негізділігіне сараптама жүргізуге;
3) Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген диагностикалау, профилактикалық және емдеу әдістеріне қойылатын талаптарға сәйкес білікті медициналық көмек алуға;
4) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты, соның ішінде медициналық тексерудің нәтижелері, аурудың диагнозы мен болжамы, медициналық көмек көрсету әдістері, онымен байланысты тәуекелдер, медициналық араласулардың ықтимал түрлері, оның салдарлары және медициналық көмек көрсетудің нәтижелері туралы ақпаратты қолжетімді формада алуға;
5) профилактика, диагностика, емдеу жүргізу барысында өзімен лайықты қарым-қатынастың жасалуына, өзінің мәдени және жеке тұлғалық құндылықтарына құрметпен қаралуына;
6) өзінің денсаулығының күйі туралы ақпарат (Тапсырыс берушіге қолжетімді формада ықтимал тәуекел және артықшылықтар, ұсынылатын және баламалы емдеу әдістері туралы деректер, емдеуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтер, диагноз, болжам және емдеу шараларының жоспары туралы ақпарат) және тәуелсіз пікір алуға және консилиумның өткізілуіне;
7) өзінің құқықтары мен міндеттері, көрсетіліп жатқан қызметтер, ақылы қызметтердің құны, тағайындалған дәрілік құрал, өзіне медициналық қызметтер көрсетіп жатқан медициналық қызметкерлер туралы ақпарат алуға;
8) өзінің денсаулық жағдайы туралы ақпарат хабарлануы тиіс тұлғаны тағайындауға;
9) Шартты бұзудың болжалды күніне дейін 24 (жиырма төрт) сағаттан кешіктірмей Жеткізушіге алдын ала жазбаша хабарлама беру шартымен, іс жүзінде көрсетілген Қызметтердің ақысын толық төлеу шартымен біржақты тәртіппен қызметтерді алудан бас тартуға және Шартты бұзуға. Қызметтерді әрмен қарай алудан мұндай бас тарту ықтимал салдарлары көрсетіле отырып медициналық құжаттардағы жазба арқылы рәсімделеді және оған Тапсырыс беруші не оның заңды өкілі және Жеткізушінің құзырлы медициналық қызметкері қол қояды.
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.

5.2. Жеткізуші құқылы:

1) төмендегі жағдайлардың кез келгенінде қызметтерді көрсетуден бас тартуға немесе емдеуді мерзімінен бұрын тоқтатуға және Шартты мерзімінен бұрын бұзуға: Тапсырыс беруші/оған ілесіп жүретін тұлғалар ішкі тәртіптеме ережелерін бұзған, Тапсырыс берушінің тарапынан да, оған ілесіп жүретін тұлғалар тарапынан да Жеткізушінің медициналық персоналына дөрекі және әдепсіз қарым-қатынас көрсетілген, Тапсырыс беруші/оған ілесіп жүретін тұлғалар Жеткізушінің мүлігін ұқыпсыз және оғаш пайдаланған, сондай-ақ Тапсырыс беруші дәрігердің ұйғарымдарын орындамаған, қабылдауға 15 (он бес) минуттан артық кешіккен жағдайда. Бұл ретте нақты көрсетілген қызметтердің құнын шегере отырып (егер қызметтердің құны алдын ала төлем тәртібімен төленген болса) қызметтердің алдын ала төлемі тәртібімен төленген құнын Жеткізуші Тапсырыс берушіге қайтаруы тиіс. Сондай-ақ Жеткізуші қайтарылатын сомадан Жеткізушінің шеккен шығыстары сомасының 30%-ын ұстап қалу құқығын өзіне қалдырады;
2) қажет болса, Тапсырыс берушінің алдын ала келісімінсіз Шарт бойынша Қызметтерді көрсетуге үшінші тұлғаларды (Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып кез келген профильді бөтен мамандарды, кеңесшілерді, соның ішіне қашықтықтан істеу режимінде) жұмылдыруға;
3) Тапсырыс берушіде профильді емес аурулар (инфекциялардың кейбір түрлері, соз аурулары, туберкулез, психикалық және т.с.с. аурулар) анықталған жағдайда медициналық қызметтерді көрсетуден бас тартуға, осы Шартты біржақты тәртіппен бұзуға және Тапсырыс берушіні профильді медициналық мекемеге жолдауға. Бұл ретте Жеткізуші 10 (он) жұмыс күнінің ішінде Жеткізушінің іс жүзінде көрсеткен қызметтерінің құнын шегере отырып, Тапсырыс берушінің төлеген ақша қаражатын қайтаруға міндеттенеді (егер Тапсырыс беруші қызметтердің ақысын алдын ала төлем тәртібімен төлеген болса);
4) Тапсырыс беруші таңдаған дәрігердің қызметтерді көрсетуге мүмкіндігі болмаған жағдайда (демалысқа шығуы, іссапарда, сырқаттық демалыста және т.с.с. болуы) оны ауыстыруға;
5) Тапсырыс берушінің дербес деректерін жинауды, өңдеуді және қолдануды жүзеге асыруға, өзінің деректер базасына Тапсырыс берушінің деректерін (соның ішінде медициналық), сондай-ақ қойылған диагноз, өткізілген тексеру, емдеу және оның нәтижелері туралы мәліметтерді енгізуге, көрсетілген деректерді ҚР заңнамасында қарастырылған мерзім ішінде сақтауға, көрсетілген мәліметтерді ҚР заңнамасына сәйкес көрсетілген мәліметтерді алуға құқығы бар органдар мен тұлғалардың сұраулары бойынша ұсынуға (жария етуге), сондай-ақ көрсетілген мәліметтерді Жеткізуші Шарт бойынша Қызметтерді көрсету үшін жұмылдыратын үшінші тұлғаларға жария етуге;
7) Тапсырыс берушінің бұған алдын ала жазбаша келісімін алған жағдайда оқыту мақсаттары, медициналық қызметтердің көрсетілу сапасын жоғарылату үшін Қызметтердің көрсетілу үдерісіне тікелей аудио және бейнетүсірілім жүргізуге;
8) профилактика, диагностика, емдеу жүргізу барысында Жеткізушінің медициналық және өзге де персоналына лайықты қарым-қатынастың жасалуына, өзінің мәдени және жеке тұлғалық құндылықтарына құрметпен қаралуына;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Шартта қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.


6. Тараптардың жауапкершілігі

6.1. Осы Шартта қарастырылған міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда тараптар осы Шартқа, ал онда қарастырылмаған бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көтереді.
6.2. Жеткізуші ақылы медициналық қызметтер көрсету бойынша жіберілген бұзушылық жағдайлары үшін жауапкершілік көтереді:
1) көлемі және сапасы лайықсыз медициналық қызметтер көрсеткені үшін;
2) бір ғана медициналық қызметтің көрсетілгені үшін екі рет төлем алғаны үшін.
6.3. Тапсырыс беруші қызметтердің ақысын уақтылы төлемегені үшін жауапкершілік көтереді.
6.4. Тапсырыс беруші Шарт бойынша төлем шарттарын бұзған жағдайда Жеткізуші кешіктірілген әрбір күнтізбелік күн үшін берешек сомасының 0,1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы. Тапсырыс берушіге тұрақсыздық айыбының қолданылуы Тапсырыс берушіні Шартта қарастырылған міндеттерін орындаудан, соның ішінде көрсетілген Қызметтердің ақысын төлеуден босатпайды.
6.5. Тапсырыс беруші Шарттың 5.1. тармағының 9) тармақшасына сәйкес қызметтерді алудан бас тартқан жағдайда және егер мұндай бас тарту форс-мажор мән-жайлардың орын алуымен байланысты болмаса немесе бұның құжаттармен расталған кешірімді себептері болмаған жағдайда Жеткізуші Тапсырыс берушіге медициналық қызметтердің алдын ала төлемақы тәртібімен төленген құнын мұндай сомадан 30%-ан аспайтын мөлшерде Жеткізушінің нақты шеккен шығыстарын ұстап қала отырып, 7 (жеті) жұмыс күнінің ішінде қайтаруға міндетті.
6.6. Жеткізуші Тапсырыс берушінің, ілесіп жүретін тұлғалардың Жеткізушінің клиникаларына келген кезде қалдырып кеткен бағалы заттары үшін жауапкершілік көтермейді. Тапсырыс берушінің, ілесіп жүретін тұлғалардың Жеткізушінің үй-жайларында қалдырып кеткен барлық заттары Жеткізушіге қисынды мерзім (жеті күнтізбелік күн) ішінде хабарласқан жағдайда мүмкіндігінше Тапсырыс берушіге қайтарылады, бұл ретте Жеткізуші олардың сақталуын және саулығын қамтамасыз ету бойынша қандай да бір жауапкершіліктен босатылады.
6.7. Тараптар Шарт бойынша өздерінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер тәртібімен шешіледі. Дауды келіссөздер жолымен реттеу мүмкін емес болған жағдайда дау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешуге жатады.
6.8. Жеткізуші келесі жағдайларда жауапкершілік көтермейді:
1) Тапсырыс берушінің үшінші тұлғалардан сатып алған шығыс материалдары мен дәрілік препараттарының сапасы және оларды қолданудың салдарлары үшін;
2) Тапсырыс берушіде Жеткізуші Қызметтерді көрсетуі барысында Тапсырыс берушінің немесе оның өкілінің оларды атап көрсетпеуіне (хабарламауына) байланысты есепке алмаған аурулардың болуына байланысты туындаған кез келген жағымсыз салдарлар үшін;
3) Тапсырыс берушінің емдеуші дәрігердің тағайындауларын және ұсынымдарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін;
4) Тапсырыс берушіде ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген препараттарға, вакцинаға не материалдарға аллергиялық реакциялардың немесе жеке көтере алмаушылықтың пайда болуы, Тапсырыс беруші Жеткізушіге көрсетілген препараттарға не материалдарға аллергиясының бар екенін алдын ала хабарлаған жағдайларды қоспағанда;
5) қызметтерді көрсету кезеңінде немесе одан кейін Тапсырыс берушінің денсаулық күйінде медициналық препараттардың Тапсырыс берушінің ағзасына әсер етуіне байланысты қандай да бір өзгерістер (препараттың жанама әсері) пайда болған жағдайда;
6) Тапсырыс берушінің бастамасы бойынша Шарт бойынша Қызметтердің көрсетілуі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе Шартта қарастырылған жағдайларда Жеткізушінің бастамасы бойынша Шарт бойынша Қызметтерді көрсету мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда;
7) Тапсырыс беруші Жеткізуші ұсынған әдістен өзге нақты бір емдеу әдісін талап еткен және кез келген жағымсыз салдарлар үшін жауапкершілікті өзіне қабылдауға келісімін білдірген жағдайда;
8) Тапсырыс берушінің денсаулық күйі нашарлаған жағдайда, егер ол көрсетіліп жатқан Қызметтермен байланысты болмаса, немесе нашарлау Тапсырыс берушіге алдын ала айтылған, Тапсырыс беруші олармен таныстырылған және барлық салдарларына келісімін берген тәуекелдерге байланысты туындаған жағдайда;
9) Тапсырыс беруші Шарт бойынша қосымша медициналық қызметтерден бас тартқан жағдайда;
10) Тапсырыс берушіге медициналық қызметтерді Жеткізушімен ешқандай келісімшарттық құқықтық қарым-қатынастармен байланысы жоқ үшінші тұлғалардың (Жеткізушінің үй-жайынан тыс жерде) көрсетуіне байланысты орын алған кез келген жағымсыз салдарлар үшін, сондай-ақ Тапсырыс беруші Жеткізушінің емдеуші дәрігерінің тағайындауынсыз (өз бетінше) қабылдап отырған дәрілік препараттарды немесе ББҚ-ларды қабылдаудың салдарлары үшін.



7. Форс-мажор

7.1. Тараптар жойқын күш мән-жайларының орын алуының немесе әрекет етуінің (форс-мажор мән-жайлардың) нәтижесі болып табылған болса, Шарттың талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілік көтермейді.
7.2. Егер Шарттың орындалуының іркілуі форс-мажор мән-жайлардың нәтижесі болып табылса, Жеткізуші Шарттың талаптарын орындамауына байланысты тұрақсыздық айыптарын төлеуге немесе Шарттың бұзылуы үшін жауапкершілік көтермейді
7.3. Шарттың мақсаттары үшін "форс-мажор" Тараптардың бақылауына бағынбайтын және алдын ала болжанбайтын сипаттағы оқиғаны білдіреді. Мұндай оқиғалар әскери қимылдарды, табиғи немесе сұрапыл апаттарды және тағы басқаларды қамтуы мүмкін, алайда тек бұлармен шектелмейді.


8. Шартты өзгерту және бұзу

8.1. Осы Шарттың талаптарын Жеткізуші кез келген уақытта біржақты тәртіппен өзгерте алады. Шартқа енгізілетін өзгертулер Жеткізушінің интернет-сайтында жарияланады. Өзгертулер Жеткізуші оларды өзінің интернет-сайтында жария түрде орналастырған сәтінен бастап 30 (отыз) күн өткеннен кейін күшіне енеді. Тапсырыс беруші Шарттың актуалды нұсқасын қадағалап отыруға өз бетінше жауапкершілік көтереді.


9. Дербес деректер

9.1. Осы Шартқа акцепт жасау арқылы Тапсырыс беруші өзінің дербес деректерінің Жеткізуші тарапынан жиналуына, өңделуіне, жүйелендірілуіне, жинақталуына, сақталуына, нақтылануына (жаңартылуына, өзгертілуіне), сұрыпталуына, қолданылуына, иесіздендірілуіне, бұғатталуына, жойылуына келісімін береді. Жеткізуші тек Тапсырыс берушінің ерікті түрде беретін Дербес деректерін ғана жинайды. Тапсырыс беруші дербес деректерін медициналық қызметтерді алуы кезінде ұсынады.
9.2. Жеткізуші жеткілікті құқықтық негіздемелерсіз Тапсырыс берушінің дербес деректерін өңдеуге құқылы емес, сондықтан Жеткізуші ақпаратты тек келесі мақсаттарда ғана өңдейді:
1) Тапсырыс берушінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), Тапсырыс берушінің мобильді телефоны, Тапсырыс берушінің тіркелген және тұрғылықты мекенжайы – Тапсырыс берушіні медициналық қызметтерді алушы ретінде сәйкестендіру үшін, оны Жеткізушінің деректер базасына тіркеу үшін, дәрігерге қабылдауға жазу үшін, медициналық қызметтерді көрсету үшін.
2) мобильді телефон нөмірі, электронды пошта мекенжайы – сараптамалардың және өзге де зерттеулердің нәтижелерін жіберу үшін, қашықтан медициналық қызметтер көрсету үшін.
3) Жеткізуші Тапсырыс берушінің дербес деректерін аудит, оқыту жүргізу, қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында деректерді және әртүрлі зерттеулерді талдау, сондай-ақ Тапсырыс берушілермен өзара іс-әрекет жүргізу секілді ішкі мақсаттар үшін қолдана алады.
4) қойылған диагноз, жүргізіліп жатқан тексеру, емдеу және оның нәтижелері туралы мәліметтер – медициналық қызметтерді тиісінше көрсету үшін.
5) даулы жағдайларды шешу, қызметтердің сапасын жақсарту үдерісі, сондай-ақ оқыту мақсаттары үшін Тапсырыс берушінің клиникаға келуінің аудио- және/немесе бейнетүсірілімі;
9.3. Осы Шартта және/немесе қолданыстағы заңнамада тікелей қарастырылған жағдайларды қоспағанда Тапсырыс берушінің дербес деректері қандай да бір үшінші тұлғаларға берілмейді.
9.4. Тапсырыс беруші Жеткізушінің Тапсырыс берушінің дербес деректерін Жеткізушінің Тапсырыс берушіге қызметтер көрсету үшін жұмылдыратын үшінші тұлғаларға, Жеткізушінің персоналына консультативтік көмек көрсететін Жеткізуші жұмылдыратын дәрігерлерге мұндай тұлғалардың алынған деректердің құпиялылығы қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді қабылдауы шартымен беруге құқылы екендігімен келіседі. Мұндай үшінші тұлғалар өзінің орналасқан еліне қарамастан Тапсырыс берушінің ақпаратын қорғауға міндетті болады. Жеткізуші үшінші тұлғаларға Тапсырыс берушіге сапалы медициналық қызметтер көрсету үшін ғана қажетті дербес деректердің минималды көлемін беруге тырысатын болады.
9.5. Жеткізушіге қызметтердің көрсетілу елінің аумағында немесе аумағынан тысқары заңға, сот тәртібіне сәйкес сот талқылауында және/немесе жария сұраулардың немесе мемлекеттік органдардың сұрауларының негізінде Тапсырыс берушінің дербес деректерін жария ету қажет болуы мүмкін. Жеткізуші сондай-ақ егер жария ету құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында немесе өзге де қоғамдық маңызды жағдайларда қажет немесе қисынды деп анықтаса, Тапсырыс берушінің дербес деректерін жария ете алады. Жеткізуші сондай-ақ егер жария ету Жеткізушінің ережелері мен шарттарын орындату үшін немесе Жеткізушінің қызметін немесе оның пациенттерін қорғау мақсаттарында қажет деп анықтаса, дербес деректерді жария ете алады. Қосымша қайта ұйымдастырылған біріккен немесе сатылған жағдайда Жеткізуші кез келген немесе бүкіл жиналып отырған дербес ақпаратты тиісті үшінші тұлғаға бере алады.
9.6. Тапсырыс беруші Жеткізушінің Тапсырыс берушіге қызметтерді тиісінше көрсету үшінші, қарап тексеру үдерісіне, кеңес беруге, емдеу тактикасын талқылауға немесе көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін қажетті өзге де сұрақтарды шешуге қатысуы үшін үшінші тұлғаларды жұмылдыруға құқылы екенімен келіседі және осыған байланысты Тапсырыс берушіге қызметтер көрсету барысында үшінші тұлғалардың мұндай қатысуына келісімін береді. Сондай-ақ Тапсырыс беруші Жеткізушінің Қызметтерді көрсету барысында Қызметтерді көрсету үдерісінің аудио, бейнетүсірілімі жүзеге асырылуы мүмкін екені туралы хабардар етілді. Мұндай аудио, бейнетүсірілімді Жеткізуші Тапсырыс берушінің алдын ала келісімімен және тек Жеткізушінің мамандарын оқыту, біліктілігін жоғарылату үшін оқыту, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту мақсаттарында жүзеге асырады.


10. Дауларды және даулы жағдайларды шешу тәртібі

10.1. Медициналық инцидент жағдайларын (оқиғаларын) қарастыру тәртібін анықтау, оларды есепке алу және талдау денсаулық сақтау саласындағы өкілетті орган бекіткен бұйрықтың негізінде жүзеге асырылады.
10.2. Тапсырыс берушінің құқықтары бұзылған жағдайда соңғысы (оның заңды өкілі) Жеткізушінің тіркеу бөлімі арқылы берілетін және Жеткізушінің басшысының қарауына берілетін арызымен (шағымымен) жазбаша түрде жүгіне алады. Арызына (шағымына) жедел жауап алуы үшін Тапсырыс берушіге байланыс телефонының нөмірін қалдыруға кеңес беріледі.
10.3. Арыз (шағым) Жеткізуші оны алған сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінің ішінде қарастырылады. Арызға (шағымға) жауап жазбаша түрде Тапсырыс берушіге өзі көрсеткен мекенжай бойынша пошта арқылы жіберіледі немесе Тапсырыс берушінің қалауы бойынша оған келісілген уақытта жеке табыстала немесе ауызша түрде түсіндіріле алады.
10.4. Тапсырыс беруші барлық сұрақтары, шағымдары және ұсыныстары бойынша Жеткізушінің Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне, сондай-ақ басшысына хабарласа алады.


11. Қорытынды ережелер

11.1. Осы Шартты қабылдай отырып Тапсырыс беруші өзінің Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмекті алу тәртібі туралы, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметті медициналық сақтандыру жүйесінде (егер аурудың ерекшеліктеріне байланысты мұндай мүмкіндік қарастырылған болса) медициналық көмекті алу мүмкіндігі туралы хабардар етілгенін растайды. Осыған қарамастан Жеткізушіде қызметтерді пайдалана отырып Тапсырыс беруші өзінің ақылы негізде медициналық көмекті алуға ниетін және келісімін білдіреді.
11.2. Осы Шартта реттелмеген жағдайлардың бәрі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Тараптардың бір де бірі келесі тараптың бұған жазбаша келісімінсіз осы Шарт бойынша міндеттемелерін үшінші тарапқа беруге құқылы емес. Жеткізушінің Шарт бойынша қызметтерді көрсетуі барысында үшінші тұлғаларды жұмылдыруы осы Шарт бойынша құқықтар мен міндеттерді мұндай үшінші тұлғаларға беру ретінде қарастырылмайды.
11.3. Осы Шарт Тапсырыс беруші оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді және тараптар осы Шарт бойынша барлық міндеттемелерін орындаған сәтке дейін әрекет етеді.


12. Жеткізушінің деректемелері

«International Medical Center» ЖШС
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы,
Мұқанов к., 235-үй, 132-үй-жай
БСН 050440004838

АҚЫЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ШАРТЫ
(ЖАРИЯ ОФЕРТА)
1. Жалпы ережелер
«International Medical Center» ЖШС-нің ішкі тәртіптемесінің ережелері (бұдан әрі — «Ережелер») ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес пациенттің және оған ілесіп жүруші тұлғалардың International Medical Center медициналық орталығында (бұдан әрі — «Клиника») болуы кезіндегі іс-әрекетін, сондай-ақ құқықтық қатынастардың қатысушыларының — пациент (оның заңды өкілі) пен Клиниканың арасында туындайтын өзге де сұрақтарды регламенттейтін ұйымдастырушылық-құқықтық құжат болып табылады.
Осы Ережелер персонал мен пациенттер, сондай-ақ Клиникаға жүгінген өзге де тұлғалар үшін міндетті, заңда қарастырылған пациенттің құқықтарын жүзеге асыру, пациентке тиісті көлемі мен сапасы бар уақтылы медициналық көмек көрсетудің ең қолайлы мүмкіндіктерін жасау мақсатында әзірленген.
Тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Клиниканың холлдарында аудио- және бейнебақылау жүргізіледі.
Клиниканың сall-орталығының операторларымен барлық сөйлесулер жазылады.

Клиникаға келу ережелері:
1. Клиникаға келген кезде ауа райы жағдайларына және Клиника әкімшілігінің шешіміне қарамастан аяққап кию немесе ауыстырылатын аяқ киімді ауыстырып кию қажет.
2. Жылдың суық мезгілінде сырт киім гардеробта қалдырылуы тиіс. Сырт киіммен дәрігерлердің қабылдауына кіруге, зертханалық және өзге де зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.
3. Әр пациентке жазбаға сәйкес белгіленген қабылдау уақыты бөлінген. Кешігу және қабылдау уақытын ірку көрсетілетін қызметтің сапасын төмендетуі және келесі пациентті қабылдауды кешіктіруі мүмкін. Пациент 15 минуттан ұзақ кешіккен жағдайда егер келесі пациенттердің мүдделерін бұзбастан қабылдауды ұзарту мүмкіндігі болмаса, дәрігер қабылдау уақытын ауыстыру құқығын өзіне қалдырады.
4. Дәрігердің қабылдауына кіру тек дәрігердің шақыруымен ғана жүзеге асырылады. Басқа пациентті қабылдау кезінде дәрігердің кабинетіне шақырусыз кіруге тыйым салынады.
5. Қолданыстағы заңнамада қарастырылған жағдайларды есептемегенде, ілесіп жүруші тұлғалардың (пациенттің заңды өкілдерінен өзге) емдеуші дәрігердің кабинетінде болуына тек емдеуші дәрігердің рұқсатымен және оның барлық талаптары мен нұсқауларын орындау шартымен ғана жол беріледі.
6. Барлық келушілер (пациент, заңды өкілдер, ілесіп жүруші тұлғалар) жеке гигиена ережелерін сақтауға міндетті.
7. Клиника үй-жайларында тазалықты және тәртіпті сақтау қажет. Қоқыс, қолданылған жеке гигиена құралдары тек қоқысқа арналған жәшіктерге тасталуы тиіс, қолданылған аяққаптар Клиниканың фойесінде орналасқан арнайы жәшікке салынады.
8. Эпидемиялар кезінде барлық пациенттер әлеуметтік тәртіпті сақтауға, жеке қорғаныш құралдарын, респираторлық инфекциялардан қорғауға арналған дәкелі немесе басқа таңғыштарды қолдануға міндетті.
9. Клиникаға келу кезінде пациенттер және оларға ілесіп жүруші тұлғалар Клиниканың және басқа пациенттердің мүлігіне ұқыпты қарауы қажет.
10. Клиникада темекі шегуге, спиртті ішімдіктер, есірткі заттарын, психотропты және уытты заттектерді пайдалануға тыйым салынады.
11. Төтенше және шұғыл жәрдем қажет болатын жағдайларды қоспағанда Клиникада алкогольдік, есірткілік және токсикалық мастық күйінде келуге тыйым салынады.
12. Емдеуші дәрігердің қабылдауында немесе өзге де зерттеулерді өткізу барысында пациенттің, сондай-ақ оған ілесіп жүруші тұлғалардың мобильді телефоны дыбыссыз режимге қойылуы немесе сөндірілуі тиіс. Емдеуші дәрігерге беру үшін қосымша ақпарат алу қажет болатын жағдайларды қоспағанда медициналық қызметтер көрсету кезінде телефонмен сөйлесуге рұқсат етілмейді.
13. Дәрігердің кабинетінде процедураларды өткізу кезінде фото және бейнетүсірілімге тек емдеуші дәрігердің немесе Жеткізушінің сәйкес процедураны өткізіп жатқан медициналық персоналының алдын ала берген рұқсатымен ғана жол беріледі.
14. Клиникаға жүгінген жағдайда пациент Клиника әкімшісіне сәйкестендіру үшін өзінің жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс.
15. Пациент және оған ілесіп жүруші тұлғалар Клиниканың, басқа пациенттердің мүлігіне ұқыпты қарауы және мұндай мүлікке зиян келтірген жағдайда оны өз есебінен өтеп беруі тиіс.
16. Жоғарыда айтылған іс-әрекет ережелерін сақтамаған жағдайда Клиника персоналының пациентке қызмет көрсетуден бас тартуға құқығы бар.
17. Клиника пациенттердің бағалы заттары, соның ішінде гардеробта сырт киімнің қалталарында қалдырылған заттары үшін жауапкершілік көтермейді.

Мекемеге медициналық көмекке жүгінген жағдайда пациент міндетті:
1. Клиника жұмысының ішкі тәртіптемесін, тыныштықты, тазалық және тәртіпті сақтауға;
2. өрт қауіпсіздігінің талаптарын орындауға. Өрт көздерін, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін өзге де көздерді байқаған жағдайда пациент бұл туралы кідірместен кезекші персоналға хабарлауы тиіс;
3. емдеуші дәрігердің талаптары мен ұйғарымдарын орындауға;
4. дәрігердің ұсынатын диетасын сақтауға;
5. медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде емдеуші дәрігермен ынтымақтасуға;
6. өзінің денсаулық жағдайы туралы, тексеру нәтижелері, аурудың бар болуы, оның диагнозы және болжамы, соның ішінде аурудың дамуының жағымсыз болжамы жағдайларында, туралы ақпарат алудан бас тартуын, медициналық араласудан бас тартуын немесе оны тоқтатуын белгіленген тәртіппен рәсімдеуге;
7. медициналық персоналмен сыпайы сөйлесуге, нормативтік емес лексиканы қолданбауға;
басқа пациенттерге ілтипатты және сыпайы қатынас көрсетуге;
Ережелерді бұзғаны үшін Пациентке медициналық қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін.

АҚЫЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР
КӨРСЕТУ ШАРТЫНА
(ЖАРИЯ ОФЕРТА)
№ 1 ҚОСЫМША
«International Medical Center» ЖШС
ішкі тәртіптемесінің
ЕРЕЖЕЛЕРІ
Біздің екі клиникамыз Алматы қаласында Мұқанов көшесі 235 және Гагарин көшесі 311 А орналасқан
© 2022 Халықаралық медициналық орталық
Телефондар:
Байланыс ☎️
Гагарин көшесіндегі клиника:
Мұқанов көшесіндегі клиника:
Жалпы колл-центр:
Гагарин көшесіндегі клиника: Сн-де 09:00 – 13:00 дейін
Дс-Жм: 08:00…17:00 дейін
Жұмыс тәртібі:
Онлайн қабылдау
Біздің медициналық орталығымыздың дәрігерлеріне онлайн кеңес беруге тапсырыс беру: ол үшін төмендегі форманы толтырып, симптомдарды көрсетіңіз және дәрігермен байланысу үшін платформаны таңдаңыз
Науқастың деректері
Қосымша ақпарат
Дәрігерді таңдау
Қабылдау күні мен уақыты
Сообщение об успешной отправке!